Қазақ тіліне өзге ұлттың сүйсінісін тудыра білген қазақ әншісі ___________________________________________ Байсалды, жайбарақат, бейбіт. Қарапайым. Қолына алған істі тындырмайынша тыным таппайды. Ішкі мазасыздығын сыртына шығармайды. Өзімен өзі. Көп ойланады. Ұзақ толғанады. Ойы терең. Оның әндері өз елінде кеңінен танымал деу қиын. Дегенмен әндері шетел асып, өзге ұлттың жүрегін баурап алды. Қазақ әнін өзге ұлтқа тыңдата білген әнші. Өлеңді өзі жазады. Музыкасын өзі шығарады. Оның әнін тыңдаған өзге ұлт өкілдерінің қазақ тіліне қызығушылығы оянды. Ғалымжан Молданазар. Қандай адам? Нені ұнатады, ұнатпайды? Жақында Ғалымжан КТК арнасында өзінің болашақ бейнебаянын түсірді. Жәй бейнебаян емес – ерекше. Образы таңырқатады. «Япыр-ай, біртүрлі екен, бұл Ғалымжан ба?» Ғалымжанның соңғы түсіріп жатқан бейнебаянынан КТК арнасының «Наша правда» бағдарламасын көруге мүмкіндік бар. «Бұл бейнебаян мен үшін жаңа дүние. Жақын досым, сценарий жазушы, режиссер Малик Зенгер бұған дейін біраз бейнеклиптер түсірген. Мен «Modern Talking» дуэтін жақсы көргендіктен осы топқа арнап ән жаздым. Томас Андерс пен Дитер Боленнің өнерін қайта жаңғыртқым келді. Қазақша ән жазып, Маликке ұсындым. «Modern Talking» дуэтінің әніне ұқсас ән жазғым келді, бір жағынан әзіл болады» дедім. Малик лезде сценарий жазды. Бейнебаянда «Наша правда» бағдарламасында Томас, яғни мен, қонаққа шақырыламын. Шынымды айтсам, өзім қатты ұнататын батыстың бұрынғы аңыз әншілерінің бейнесін жиі қолданамын. Аталмыш дуэттің образын «Модерн Толқын» деп ойлап таптым. Жәйден-жәй емес. «Modern» «қазіргі заманғы» деп аударсақ, қазірдің толқыны болсын деп шештім. Махаббатымды, құрметімді әзілмен, оқиғасымен бейнелегім келді». Өмір ақпен көркем, қара алдап-сулайды «Әрдайым қара киініп жүрем. Алабажақты жақтырмаймын. Бір түсті немесе сұр түсті ұнатам. Ал КТК арнасында түсірген бейнебаянда ашық түсті, небір жылтылдаған киім бар. Сақалымды қырып тастадым. Ыңғайсыздандым. Ал «Наша правда» студиясында түсірілген образым – ең сабырлысы». Тұманданып, сорланып, мұңға толар көңілде «Жасандылықты ұнатпаймын. Жыныма тиеді. Кешігіп жүретін, даурығып көп сөйлейтін адамды ұнатпаймын. Шамасы келмесе де үйіп-төгіп уәде беретін адамды суқаным сүймейді. Байқаймын, кейбір адам уәде беруге шебер-ақ. Сөз – оқ. Әр сөздің қасиеті бар. Ойланбай сөйлеп, ауыз жаппай көк езу боп мылжыңдай берудің қажеті жоқ». Өмір солай, жұмбаққа толы сай. Күйіп, өртен, өмір солай Талантты адамдарға таңырқаймын. Ғаламтордан небір керемет музыканттарды көріп, таңдайымды қағам. «Не деген мықты музыкант, осы деңгейге қалай жетті?» деп ойлаймын. Өз деңгейімді шамалап білем. Талантты кісілердің дүниесін көріп, қанша еңбектенді екен, осындай дарынмен туды ма деп ойланамын. Тек өнер саласында емес, жалпы әлемдік системадан бөлек шығып, орманға қашып кетіп, жабайы өмір сүріп жатқан жандарға қызығамын. Бірақ дәл қазір оның қиын екенін түсінем». Жаурады көңіл, жаныма үңіл «Осыдан 4-5 жыл бұрын ұйқысыздық ауруына шалдықтым. Біраз уақыт болды, ұйықтай алмай жүрмін. Дертім – ойымды тоқтата алмаймын. Бір істі қолға алсам, соны бітірмейінше тыным таппай мазам кетеді. Барлығы жақсы болса екен деймін. Қазір жұмыс көп. Әрбір концерт, студиядағы жазба және т.б. – қатты уайымдаймын. Миымды түрлі ой жаулап ұйқым қашады. Еш нәрсені ойламай, қаннен-қаперсіз түк істемей шалжиып жату – арманым. Бірақ ол қолымнан келмейді». Білмеймін жолын. Күйіп, өртен, өмір солай «Ішімдегіні ашылып айта бермеймін. Мені жалғыздықтан, күйзелістен құтқаратын екі нәрсе – балық аулау, аңшылық және музыка. Сахнада емес, сазгер ретінде отырып музыка жазу. «Moldanazar» тобының продюсері, әншісі, сазгері де – өзім. Таңнан кешке дейін продюсерлік жұмыс, түсірілімдер, концерттер. Түнде ұйықтай алмағандықтан студияға кетіп қаламын. Сонда жалғыз отырып түнімен музыка жазам. Сол кезде жаным жай табады. Шыдамсыз адаммын. Егер қолыма бір істі алсам, «иә» деп қойсам, тыным таппай өзімді жеп қоя жаздаймын». Жолымнан тайдырма, бағымнан айырма «Өнер жолын таңдағанда әкем бетімнен қақпады. Әкемді менің мансабым қызықтырмайды. «Ең бастысы, өзіңді алдама, одан кейін біреуді алдама. Не істесең де өзіңе пайдасы тиетін болсын және өзгеге зияны тимесін. Маман болма, адам бол» дейді. Әкеме қатты ризамын. Жуас, тыныш кісі болғанымен, сұсты. Ашуланып, ұрысқан емес. Дегенмен ішкі қағидасы қатты. Именеміз, сыйлаймыз. Ал анам сабырлы, қарапайым, тыныш, тұйық адам. Момындық иісі аңқып тұрады». Жаныма шыдам бер, үмітке сенім бер «Әр музыканы тапсырыспен емес – өзіңе, бөтен ойсыз жазғанға не жетсін. «Танымал болсам», «көп ақша әкеледі» деген мақсатпен ән жазудан әсер алмайсың. Өзіңе жазсаң әннің құдіретін сезініп, ләззат аласың. Жұмыс істегенде студияда жарықты өшіріп тастаймын. Тек дыбыс пен экран. Бүткіл назарым, ойым, түйсігім – музыкада. Артымда, жанымда еш адам болмауы тиіс. Бөтен кісінің энергиясы кедергі келтіреді. Түнде студияда жалғыз отырып музыка жазғанды жақсы көрем. Өзіңмен-өзің рахаттанып, ләззат алып жазасың. Солай дағдыланғам». Бар қызығы өмірдің, арман болып құр қалар «Ақшасыз күндерім көп болды. Ең қиыны – ақшаға үйреніп қалып, кейін қаражатсыз қалу. Фонограмманы түсінбеймін және қабылдай алмаймын. Топ құрғанымызға екі жылдан асты. Жанды дауыспен ән айтам. «Керемет! Мынау фонограммасыз, жанды дауыспен ән шырқайды» деген сенсация, яғни таң қалатын дүние болмауы керек. Бұл – біздің мәдениет деңгейіміз. Маған біраз адам «біздің елде жанды дауыспен ән айту мүмкін емес» деген болатын. Бастапқыда еш қаражатым болмады, тек сенімім, Ғалымжан Молданазар атым болды. Соның арқасында балаларды жинап топ құрдық. Әрқайсысына аспап алу керек. Жасыратын ештеңесі жоқ, бір музыкалық аспап – бір көліктің құны. Тапқан-таянғаным аспаптарға, студияға жұмсалады. Әлі күнге дейін, қалай айтсам екен, бомжбын. Үйім жоқ, көлігім жоқ. Пәтер жалдап тұрам. Мақтанышым – студиям, тобым. Өзіме ұнайтын өмірім бар, өнерім бар. Бұйыртып жатса, алда өз шаңырағым да болып қалар. Жалпы, бақыттымын». Сенсің менің барым да, бақытым да, бағым да Үлкен ұлымның аты Шерхан, кенжем – Мерген. Екеуінің де атын өзім қойғам. Қызық болды. Үлкен ұлымның атын асығыстықпен бе, білмеймін, ұлды болатынымды білгеннен кейін өзіме ұнаған есімді бердім. Кейін құжат аларда әкемнен ыңғайсыздандым. «Ренжіп қалған жоқсыз ба?» – деп сұрадым. «Жо-жоқ» – деді. Екінші ұлым дүниеге келерде әкеме жарты жыл бұрын ат ойлап табуын өтіндім. Содан ұлым туғанда «бекер маған тапсырдың, жарты жыл лайықты ат таба алмай қиналдым, есімін өзің қойсаң қайтеді?» – демесі бар ма. «Мерген» – дедім. Әкеме ұнады. Шерхан үлкені болғасын жолбарыстай батыл, жүрегінде қорқынышы жоқ болсын, ал Мерген өз нысанасын дөп тапсын, ойын, арманын анық білсін, аяғын нық бассын, қалағанын көздей білетін азамат болсын деп атадым». Біздегі дағдарысқа дауа бар ма «Қазір ақпарат тез тарайтын заман. Әлемдегі бар оқиғаны әп- сәтте қабылдап алып отырмыз. Тіршілік басталғаннан бері жақсы мен жаман қатар келе жатыр. Осыдан 50 жыл бұрын жаман нәрсе болған жоқ деп ойламаймын. Жақсы мен жаман қатар жүреді. Тек таңдау жасау, адасып қалмау – қиынырақ. Үлкен жастағы адамдардың «жастар жаман», «жоғарыдағылардың бәрі жаман», «біздің Қазақстан андай-мындай» дейтін сөздерін тоқтатса деймін. Өйткені ол жастардың Отанға деген ілтипатын жояды. Үйінде «бізде анау жаман, мынау жаманды» естіп өскен бала қалайша Отанын сүймек? Жастар жаман емес, жаман сөзді айтып, жаман ырым бастап отырған үлкен кісілер – жаман. Олар жастарды бесіктен бастап құртып жатыр. Жалпы, үйде жаман нәрсе айтылмауы тиіс. Ол баланың мейірімділігіне, жан-жағындағы адамдарға сенуіне, еліне деген сезіміне кері әсер береді. Өз ұрпағының, өз балаларының ойын өзгертіп жатқанын көбісі түсінбейді. Соңғы жылдары бұл үрдіс жаппай тарап барады. Бұл тіршілік ешқашан мінсіз болмаған, болмайды да». Жетермін арманға, күн туар бір таңда «Өзімді ең бақытты ұрпақтардың қатарына жатқызам. Ашаршылық, репрессия, соғыс көрген жоқпыз. Мен бақыттымын! Шағымдануға қақым жоқ. Маған ешкім «сен ән айтпа, ән айтуға болмайды» деп меселімді қайтарған жоқ. Сүйікті ісіммен айналысып жүрмін. Сонымен ақша тауып жатырмын, мені ешкім тоқтатып жатқан жоқ. Бәрі заңды, Әрине, заңға көнген құл емес. Құрметтеу керек». Мендегі мың сұраққа, сендегі мың сұраққа жауап бар ма? «Береке өзімізден басталады. Теледидардың алдында отырып алып жылай бермей, барымызды бағалап, жоғымызды бүтіндейік. Отан сүйгіштігімізді, бір-бірімізге деген сүйіспеншілігімізді баламызға сіңдірейік. Жан-жағымызды жапырып сынай бермейік. Мен ауылда өстім, ауыл баласымын. Ашығын айтайын, кейбір ауыл адамдары баласын мектепке жібергісі келмейді. «Ой, не істейсің ол жерде, одан да барып бақша суар, ертең соны қыста жейсің» дейді. Түсінік сондай. Балам ары қарай өссін, дамысын, жетілсін деген ой жоқ. Ол неліктен? Сенімнің жоқтығынан. Отан сүйіспеншілік жоқ. Бізді құртып жатқан – үлкен кісілер! Жастар емес. Әркімді сынай бергенше, сол үлкен адамдардың ақыл үйретіп, баласына білім беріп, соған асыл уақытын бөлсе деймін. Мейірімділік, ұят, бір-біріне сену – адамға қажетті құндылықтар арзандап кетті. Бір-бірінен сескенеді. Ашу мен қатаңдық, агрессияны естіп өскен баладан не күтуге болады?» Тоқтатпашы, тыңдашы мені, болма маған кедергі «Күніге таксимен жүрем. Әр таксишінің әңгімесі жамандаудан басталады. Тыныш отыра алмай мен де әңгімені бастаймын. «Қойсаңызшы ағай, сіздікі дұрыс емес. «Қазақ жалқау», «қазақ жаман» десеңіз, қазақ мандымайды. Мен сіздің балаңызбен жастымын, маған «балам, ондай болма» деп ақыл неге айтпайсыз? Осыдан шығуымыз керек». Бәрін жеткізем қалай? Ойымда тұр бір ой тарқамай «Халық кедей» дейді. Кедей емес. Қараңыз, әр үйде екі-үш көліктен бар. Алматыда жол кептелісінен жүру мүмкін емес. Нағыз кедейлер Үндістанда. Тайландқа барғанымда баламмен жасты қаршадай бөбектер жүгіріп су сатып жүр, көше толған қайыршылар. Жүрегің езіліп кете жаздайды. Бірақ, бәрі бақытты. Бір риза болғаным, төрт сағаттық кептелісте тұрса да бір-біріне сигнал беріп, боқтасып жатқан ешбірін көрмедім. Бәрі сабырлы. Біреуден бірдеңке сұрасаңыз, шын пейілімен жауап береді. Көшедегі адамдарды бақылап жүргенді ұнатам». «Тайландқа Крис Мартиннің концертіне барғанымда адамдардың көзінен агрессия байқамадым. Базардың қайнаған қыжыған жеріне бардым. Ұрсысып жатқан ешбірін көрмедім. Ал бізде ше? Бір таксиші бірнеше адаммен ұрсысып, тіпті төбелесуге дейін барады. Сол агрессия қайдан кеп жатыр? Жаман нәрсені айтсаң, соны қасыңда отырып естіген бала «адамның бәрі жауыз, қазақтың бәрі жемқор» деп ойлап, бір-бірін сыйламайды, жек көреді, жау көреді. Бұл біздің проблемамыз». Ұғынып әр кез қолдайын, батырың болып қорғайын «Еліміз соңғы 10 жылда жақсы дамыды, игі істер көп. Қынжылтатыны, жақсы нәрсе айтыла бермейді. Агрессивті дүние тез тарап, тез қабылданады. Халық соны рахаттанып көреді. Ал жетістікке көңіл бөлмейді. Шыны керек, рухани жаңғыру қажет-ақ. Кейін барлығы түзеледі. Мен жақсыға сенемін. Өйткені ашу – ашу шақырады. Осы жағынан түзелсек. Көзіміз ашуға буланып тұрғанда жақсылық еленбей, өтіп кетіп жатыр». Источник: ktk.kz Статья: http://www.ktk.kz/ru/blog/article/2017/12/08/85849

Теги других блогов: Қазақ тілі Қазақ әнші Өзге ұлт