«Олар содан сескенеді». Орыстілді аудиторияның неден үрейленетінін білесіз бе? Біз ұйытқымыз. Өзгелері біздің төңірегімізге топтасуы тиіс. Тиіс еді. Іс жүзінде ше? Өз жерінде 70 пайызға жеткен қазаққа мұндай миссияны орындауға мүмкіндік беріп отыр ма? Күні кешегі ақпарат: еліміздегі халық саны 18 млн-нан асыпты. Соның 70 пайызын қазақтар құрап отыр. Біз басым ұлтпыз. Бұл белгілі. Бірақ, басқалары аңғарды ма мұны? Abai.kz сайтында жарияланған мақаланы оқыған кейбіреу бөркін аспанға атса, енді біреулер кірпідей жиырылар, құдай біледі. Мақала авторы Нұргелді Әбдіғани орынды сауалды ортаға тастапты. Үлесі 70 пайыздан асып жығылған қазақтың талап-тілегіне құлақ түретін кез келді ме? Билік қазақтың мүддесіне қашан жұмыс жасайды? Орыстілді аудитория неге күңкілдеп жүр? Қазақ ұлтшылдарына кімдер шабуылдауда? Бұл сұрақтарға саясаттанушылар – Айдос Сарым мен Дос Көшім жауап беріпті. Ықшамдап бердік. Сарым не дейді? Қоғамда халықпен санасатын, пікірін тыңдайтын механизмдер жоқтың қасы. Оны жасырудың қажеті жоқ. Тек биліктің мүмкіндігі кез келген ұранды жекешелендіріп алуға жеткілікті. Тіпті, соңғы кездегі үшінші модернизация деген мәселе де, 71 пайыздың айналасынан туындаған. Шынын айту керек, биліктің, оның ішінде, Президенттің бір ғана осал жері бар. Бүгінгі билік, оның иесі Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың өзінің атын қазақ тарихында алтын әріппен жазғысы келетіні жасырын емес. Президенттің тарихтағы орнын белгілейтін Мұхтар Шаханов та, Олжас Сүлейменов те емес. Олардың өз дәрежесінде бүгінгі 71 пайыз қазаққа дауысының жеткенінше ықпал етуге мүмкіндігі бар шығар. Дегенмен, Президенттің тарихтағы орнын айқындайтын 25 жасқа келмеген — Тәуелсіздік ұрпағы. Оның дүйім көпшілігі, 80-90 пайызы қазақ тілді — қазақ жастары. Сондықтан да «Болашаққа бағдар», «ұлттық мәдениет», «Сакралды жағрапия» деген мәселелер осы 71 пайыздың айналасынан шығып жатқан әңгімелер. Билік жастардың арман мұратын, ішкі психологиясын ұға бермейді. Бұл — жаңа ұрпақ. Президенттің өзі де айтып қалады арасында. «Жаңа ұрпақ, интернет заманының балалары», — дегенді. Өйткені оның саяси идеалдары, саяси миссиясы әлі айқындалып болған жоқ. Бірақ бұл қазақ тілді ұрпақ. Бұлардың шыдамсыздығы басым. Көптеген жағдайда нәтижені қазір және дереу көргісі келетін ұрпақ екенін іштей болса да интуитивті түсінеді. Билік қазақ аудиториясымен жұмыс істеуге көшті Шындап келетін болса, «Болашаққа бағдар» деген бағдарламаның астары бар. Бұл көптеген сұрақтарға жауап іздеу. Іздену. Екіншіден, Жер дауынан кейін биліктің қазақ аудиториясымен жұмыс жасауға бағытталған үлкен саяси жүрісі. Және бұл саяси жүрістің бір ерекшелігі бар. Біріншісі – мақалада айтылған дүниелерге қарсы шықсаң, онда сен қазақтың жауы болып шыға келесің. Ал егер, ұлттың, қазақ ұлтының мүддесіне сай дүниені қолдаймын десең, онда билікпен белгілі бір мәмілеге келуге мәжбүр боласың. Саяси жүріс осы кезге дейінгі қалыптасқан билікті үзілді-кесілді қабылдамау деген түсінікті де жойып жібереді. Мысалы, латын қаріпі бойынша немесе тарихқа көзқарас, билікке көзқарас мәселелері бойынша өзгеріс болып жатыр. Ал орыс тілді аудиторияның жанталасып жатқаны — тұяқ серпу екені сөзсіз. Биліктің, Президенттің айтқанына үзілді-келісді қарсы шығатын болсаң, сен тек қана қазақ халқының емес, Президенттің де жекеменшік жауы болып шығуың мүмкін. Олжас Сүлейменовтің де «Президенттің айтқанының бәрі дұрыс, тек латын қаріпіне көшуі дұрыс емес» дегені сол. Жаңағы орыстілді аудиторияның да хәлі осы. Президенттің бір сөзін іліп алуы мүмкін. Жалпы қарсылық көрсете алмайды. Көнуге мәжбүр. Бірақ өздерінің жанына батып жүрген нәрселерді ашықтан-ашық айтып отыр. «Бұл өзі қалай болып кетті?», «Біз толерантты халық емес пе едік?», «Көп ұлтты халық емес пе едік?». «Орыс әлемінен ат құйрығын үзу емес пе?», «Кирилицада біздің жазу еді ғой» деген күңкілдер басталды. Бұл да қарсылықтың түрі. Тек бұл ғана емес. Қазақтың белгілі ұлтшыл азаматтарына да қарсы шабуылдар басталып кетті. Олардың дәурені жүріп кетпесін деп, газеттерге жамандау, жоғарғы жаққа үшбу хат жазу, әлеуметтік желілерде сайқымазақ етіп көрсету секілді астыртын әрекеттерін бастап кетті. Ол рас. Көшім: 5 пайыз болсақ та, біз негізгі ұлтпыз Иә, солай. Сондықтан 70 пайызға жеттік пе, жоқ па дегенге аса мән бермеймін. Осындай көзқараспен жүруіміз керек. Қазақстанда тұратын басқа ұлт өкілдерінің барлығы дерлік қазақ тілін білуі керек. Сөйлеуі — міндет. Сөйлемейді деген сөз – қазақ тілін мемлекеттік тіл деп мойындамайды дегенмен пара-пар. Екінші мәселе, біз жаңағы басым ұлт болсақ та, санымыз артса да, біз өзіміздің мақсат мұратымызды жүзеге асыра алмай келе жатырмыз. Менің ойымша, бізді басқарушылардың ойлау жүйесі, санасы бұрынғы тоталитарлық режимде тәрбиеленген. Сол идеологияға қызмет еткен сана. Олар еш уақытта Қазақстанды қазақ тілді мемлекет жасай алмайды. Ол үшін жаңа ұрпақ билік тұтқасына келуі керек. Тағы бір мәселе, халықтың ұлттық сана сезімінің толық оянып, мешеу билікке өз талап-тілектерін орындата білуі мәселесі. Әрине, бейбіт жолмен, заңды түрде. Ол үшін белгілі бір топ немесе ұлтшылдар деген сөзге есімдері телініп жүрген азаматтар ғана емес, бүкіл халық, қазақ халқы оянуы керек. Мақсат не? Арманымызды ас үйде немесе әлеуметтік желіде емес. Биліктің тіке өзіне жеткізу керек. Және заңды түрде. Тәртіп бұзбай. Біз осыны айтқан азаматтарға ескерткіш қойып жатырмыз. Алаш арыстарына, Желтоқсан батырларына. Бірақ, солардың арман мұраттарын әлі орындаған жоқпыз. Меніңше, екі мәселе тағы бар. Бүгінгі өзгерістер саяси ойын дейтіндер бар. Яғни, бұл халықты алдарқатудың тәсілі. Енді біреулері – биліктің көзі ашылды. Аттан тайып құлап, есін бір жоғалтып алды да, кейін есі кіріп, ұлттық бағытты қолдап шықты дейді Мен мұның екеуіне де сеніңкіремеймін. Меніңше, жоғарыдағылардың өзі қолындағы билікті әрі қарай ұстап тұруының жалғыз жолы — ұлттық бағытты қолдау. Олардың мақсаты — қолындағы билікті әлі де болса бірнеше жылға соза тұрудың амалы. Бұлар ұлттық бағыттағы дүниелерді шын көңілдерімен жасап отыр. Әйтеуір там-тұмдап болсын жасап жатыр. Ертең елдің бетіне қарай алуы үшін жасайды. Негізі, бұл баяғыда біздің көтерген мәселелеріміз еді. Солардың барлығын болмаса да, бірлі-жарымын жасап отыр. Біз неге қарсы шығуымыз керек. Сондықтан қолдап, үн қосып отырмыз

Теги других блогов: продвижение SEO Google